Халықаралық кездесулер өткiзiп, шарттарды, келiсiмдердi және өзге де халықаралық актiлердi ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк тiл негiзгi тiл болуға тиiс.
Этнотуристiк iс-шараларды (мәдени-этнографиялық ескерткiштерге саяхат, скаутинг, балалардың этносаяхаттары және жазғы этнолагерьлер) ұйымдастырған кезде мемлекеттiк тiлдiң әлеуетiн белсендi пайдалану өте өзектi болып саналады.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
мемлекеттiк тiлдi көпшiлiктiң қолдануына қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстың үлесi (жыл сайынғы мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыруға бөлiнетiн қаражаттың жалпы көлемiнiң 10 %-ынан кем емес);
мемлекеттiк БАҚ эфирiнде мемлекеттiк тiлдегi жаңа телевизиялық жобалар санының өсуi (жыл сайынғы телевизиялық жобалардың жалпы санының - 10 %-ы);
мемлекеттiк тiлде шығатын баспасөздi қолдауға бағдарланған мемлекеттiк ақпараттық тапсырыстың үлесi (жыл сайын 50 %-дан кем емес).
Үшiншi бағыт - қазақстандықтардың тiл мәдениетiнiң деңгейiн арттыру
Мақсаты: «Дамыған тiл мәдениетi - зиялы ұлттың әлеуетi»
Нысаналы индикаторлар:
тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесi (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесi (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%).
1. Қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу
Аталған бағытты iске асыру арқылы ең алдымен, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң атауларын жүйеге келтiрудi қамтамасыз ету көзделедi.
Ономастика саласындағы жұмысты жетiлдiру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргiзген кезде ашықтық қағидаттарын енгiзу, қоғамдық пiкiрдi ескеру, шешiмдердi қабылдау процесiне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңiнен тарту көзделедi.
Бұл нәтижеге қол жеткiзу үшiн ономастика саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiре түсу, сондай-ақ географиялық объектiлердiң атауларын мемлекеттiк тiлде жазу, оны орыс және басқа да тiлдерде транслитерациялаудың ережелерiн әзiрлеу талап етiледi.
Антропонимикалық атауларды және көрнекi ақпараттарды сәйкестендiрудi жүзеге асыру мемлекеттiк тiлде антропонимикалық белгiлеулердi жазу мен сәйкестендiру жөнiндегi бiрыңғай талаптарды әзiрлеудi, сондай-ақ көрнекi ақпаратты көркем ресiмдеу туралы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiрудi талап етедi.
Терминологиялық лексиконы бiрiздендiру, терминологиялық қорды толықтыру жөнiндегi мiндет өте өзектi болып саналады.
Қазақ терминологиясын жүйелеу жөнiндегi жаңа талаптарды әзiрлеу, терминдердi және атауларды негiзгi қағидаларға, қазақ тiлiнiң жазу нормаларына сәйкес ретке келтiру жұмыстары қажеттi шаралар болып есептеледi.
Аталған жұмыс әлемдiк тәжiрибенi, туыстас тiлдердiң үлгiлерiн, халықаралық терминдердi және терминологиялық атауларды пайдалану арқылы, сондай-ақ жаңадан бекiтiлген терминдердi бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану жиiлiгiне тұрақты мониторинг жасау жағдайында жүргiзiлуге тиiс.
Терминологиялық қорды жаңа терминдермен жаңарту тiлдiк тарихи мұраны қайта жаңғыртуды, сондай-ақ терминтану мен терминография жөнiндегi арнайы жұмыстарды жүргiзудi талап етедi.
Сонымен қатар салалық терминологияның бiрыңғай электрондық базасын құрып, қазақ терминологиясының жалпы қорын жасап, веб-сайттар мен порталдарға орналастыру көзделедi.
Сондай-ақ үздiксiз тiлдiк өзгерiстер процесiн тiркеп отыратын, тiлдiң лексикалық және грамматикалық құрылысын сипаттайтын жүйе құру қажеттiлiгi де өте өзектi болып табылады.
Тiлдердi қолдану саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту ұсынылып отырған жүйенiң негiзгi құрамдас бөлiктерiнiң бiрi болуға тиiс.
Осы жұмыс аясында құқықтық олқылықтарды жою және тiл туралы заңнаманы бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi күшейту тұрғысынан нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру талап етiледi.
Көрнекi және жарнамалық ақпарат құралдарында қазiргi қазақ әдеби тiлiнiң тиiсiнше қолданылуын бақылауды күшейту де қажеттi шаралар қатарына жатады.
2. Тiл мәдениетiн жетiлдiру
Қазақстандықтардың тiл мәдениетiнiң деңгейiн көтерудiң қажеттi құрамдас бөлiгi сөйлеу мәдениетiн дамыту болуға тиiс.
Айтыстар, мүшәйра, пiкiрталас турнирлерiн және жыраулар мен жыршылар конкурстарын ұйымдастыру және өткiзу осы бағыттағы негiзгi шаралар болып табылады.
Қазақ жазуын одан әрi жетiлдiру сауаттылықты арттыруға бағытталған конкурстық iс-шаралар кешенiн ұйымдастыру және өткiзу арқылы iске асырылатын болады. Сонымен бiрге мемлекеттiк тiл мәселесiмен айналысатын мерзiмдi баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдау талап етiледi.
Сонымен қатар, ақпараттық-анықтамалық электрондық тiлдiк қызметтi құру және одан әрi дамыту, элективтi, қосымша курстарды ұйымдастыру арқылы мемлекеттiк тiлдегi iскери ресми жазба дағдыларын үйрету жүйесiн ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Толерантты тiлдiк ортаны сақтау қажеттiлiгi тiл мәдениетiн жетiлдiру жөнiндегi мiндеттердiң өзегiне айналып отырғанына дау жоқ. Жұртшылықты, мәдениет және өнер қайраткерлерiн, БАҚ өкiлдерiн кеңiнен тарта отырып, Мемлекеттiк тiл күнiн ұйымдастыру және өткiзу, түркi жазбаларына арналған шаралар кешенiн ұйымдастыру, сондай-ақ тiл мәдениетiн насихаттауға бағытталған шараларды өткiзу дәстүрiн жалғастыру жұмыстары қажеттi шаралар қатарына жатады.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
көрнекi ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңiрлердi қамту дәрежесi (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);
тұрғындардың терминологиялық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесi (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%);
Төртiншi бағыт - лингвистикалық капиталды дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау
Мақсаты: «Қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту»
Нысаналы индикаторлар:
республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi (2020 жылға қарай - 90%);
ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесi (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесi (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесi (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15%).
1. Коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi
Төртiншi бағытты iске асыру арқылы Қазақстанның коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiгiнде орыс тiлiнiң қатысуын қамтамасыз ету жөнiндегi жүйелi жұмыстарды ұйымдастыру көзделедi.
Мұның аясында орыс тiлiн оқыту жүйесiн оқу-әдiстемелiк және зияткерлiк тұрғыдан одан әрi қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушы кадрларды кәсiптiк тұрғыдан оқыту жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
Орыс тiлiнiң қолданылуын ақпараттық қолдауға Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiнде орыс тiлiн пайдалануды қамтамасыз ету арқылы қол жеткiзiлетiн болады.
2. Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау
Осы мiндет аясында, ең алдымен, Қазақстанда тұратын этнос өкiлдерiнiң ана тiлдерiн оқытуға жағдай жасау көзделедi. Бұл үшiн жексенбiлiк мектептерге оқу-әдiстемелiк көмек көрсету, сондай-ақ ана тiлдерiн оқыту кезiнде тiлдi бiлетiн тәжiрибелi педагог мамандарды тарту және халықаралық тәжiрибенi, заманауи технологияларды пайдалану жоспарланады.
Бұған қоса, этностардың тiлдерiн сақтау және мәдениеттердi өзара байыту үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз ету көзделедi. Кеңiнен ақпараттық қолдау арқылы мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру, этностардың тарихи және қазiргi заманғы жазба мұрасын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары қажеттi шаралар қатарына жатады.
Халықтың шығармашылық тұрғыдан өсуiне жәрдемдесу этностардың мәдени және шығармашылық мүмкiндiктерiн одан әрi iске асыру арқылы жоспарланады.
3. Ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену
Қазақстандықтардың лексикалық капиталының негiзгi құрамдас бөлiктерiнiң бiрi iскерлiк және халықаралық қарым-қатынас құралы ретiндегi шет тiлдерi болып табылады.
Осы мiндеттiң аясында шет тiлдерiн оқыту процесiнiң ауқымды бiлiм беру кеңiстiгiн сақтау көзделiп отыр.
Шет тiлдiк мәдениетпен өзара iс-қимыл жасау мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы үкiметаралық келiсiмдер аясындағы мәдени-көпшiлiк iс-шаралар - Шет мемлекеттердiң мәдениет күндерiн, көрмелер өткiзу, көркем және деректi фильмдердi түпнұсқа тiлiнде көрсету көзделедi.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
ана тiлдерiн үйретуге арналған әдiстемелiк көмекпен қамтылған ұлттық-мәдени бiрлестiктерi бар этностардың үлесi (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тiлдерiн үйрету қызметiн ұсынатын, тiлдердi оқытатын мемлекеттiк орталықтардың үлесi (2014 жылға қарай - 50%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%).

Бағдарламаны iске асыру кезеңдерi

Бағдарламаны iске асыру үш кезеңде жүзеге асырылады.
Бiрiншi кезеңде (2011 - 2013 жылдар) тiлдердi одан әрi дамыту мен қолданудың нормативтiк-құқықтық және әдiснамалық базасын жетiлдiруге бағытталған кешендi шаралар өткiзу көзделедi.
Мәселен, бiрiншi кезеңнiң аясында мемлекеттiк тiлдi оқыту стандарттарын жетiлдiру, қазақ тiлiн оқыту орталықтарын аккредиттеудiң және олардың қызметiн рейтингтiк бағалау iсiнiң құқықтық негiзiн әзiрлеу жұмыстарын жүзеге асыру қарастырылады.
Бұған қоса, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң атауларын жүйелеудi қамтамасыз ету мәселесi бойынша ономастика саласындағы, терминологиялық лексиканы бiрiздендiру мәселесi бойынша терминология саласындағы, сондай-ақ антропонимикалық атаулар мен көрнекi ақпаратты сәйкестендiрудi жүзеге асыру мәселесi бойынша антропонимика саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру көзделедi.
Сонымен қатар, құқықтық олқылықтарды жою мен тiл туралы заңнаманың бұзылғаны үшiн жауапкершiлiктi күшейту тұрғысынан нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру көзделедi.
Осы кезеңде мемлекеттiк тiлдi көпшiлiктiң кеңiнен қолдануына қол жеткiзетiн, Қазақстанда тұратын этностардың тiлдерiн сақтауға және оқып-үйренуге қолайлы жағдайлар жасайтын ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешенi, сондай-ақ нәтижелердiң тиiмдiлiгiне мониторинг жүргiзу жүйесiн енгiзу көзделедi.
Екiншi кезең (2014 - 2016 жылдар) аясында мемлекеттiк тiлдi оқып-үйрену және қолдану саласында, сондай-ақ тiлдiк әралуандықты сақтауда жаңа стандарттар, технологиялар мен әдiстердi енгiзу жөнiндегi практикалық шаралар кешенiн iске асыру қарастырылады. Сонымен қатар, осы кезеңде Мемлекеттiк тiлдi оқыту орталықтарын аккредиттеу iсiн жүргiзу, сондай-ақ олардың қызметiне рейтингтiк бағалауды енгiзу жұмыстары басталады.
Мемлекеттiк тiлдi меңгерудi ынталандыру жүйесiн құру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру - мемлекеттiк қызметшiлердiң, халыққа қызмет көрсету және мемлекеттiк қызметтер көрсету саласы қызметкерлерiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгеруi жөнiндегi мiндеттi төменгi талаптарды енгiзу көзделедi. Бұған қоса, мемлекеттiк тiлдi көпшiлiктiң кеңiнен қолдануына қол жеткiзу жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
Тiлдердi қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, әзiрленген нормативтiк құқықтық базаның негiзiнде қазақ тiлiнiң терминологиялық қорын ретке келтiру, ономастикалық кеңiстiктi жүйелеудi қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстар басталатын болады.
Бағдарламаның үшiншi кезеңiнде (2017 - 2020 жылдар) мемлекеттiк тiлдi меңгеру дәрежесiн бақылау тетiктерiн енгiзу жұмысын ұйымдастыру көзделедi.
Сонымен қатар, қоғамдық өмiрдiң барлық саласында мемлекеттiк тiлге қажеттiлiк болуына, оның басқа тiлдердiң тұғырын одан әрi сақтау жағдайындағы тиiсiнше қолданылу сапасына және меңгерiлу деңгейiне жүйелi мониторинг жүргiзу көзделедi.
Бұған қоса, ономастика, терминология, мемлекеттiк тiлдi көпшiлiктiң қолдануына қол жеткiзу, сондай-ақ толерантты тiлдiк ортаны сақтау жөнiндегi жұмыстар жалғасатын болады.

Қажеттi ресурстар

2011 - 2020 жылдары Бағдарламаны iске асыруға республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар жұмсалатын болады.
Бағдарламаның бiрiншi кезеңiн iске асыруға арналған мемлекеттiк бюджеттiң жалпы шығыны 19 134 946 мың теңгенi құрайды.
2011 - 2020 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде нақтыланатын болады.

1 бетке өту